
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Алатау ауданындағы Алматы индустриялық аймағында орналасқан шағын өнеркәсіптік парктердің қызметімен танысты.
Шаһар басшысы ALAESTATE-3, NN Stroy KZ және Almaty Building & Co өнеркәсіптік парктерін аралап көрді. Аталған алаңдарда жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағытындағы өндірістер шоғырланған. Мұнда қаптама өнімдері, кеңсе қағазы, арнайы аяқ киім, тоқыма бұйымдары, еттен дайындалатын жартылай фабрикаттар, нан-тоқаш өнімдері және басқа да тауарлар өндіріледі.
Өнеркәсіптік парктер мен резидент кәсіпорындардың басшылары жүзеге асырылған жобаларды, өндірістік әлеуетті, шығарылатын өнім түрлерін таныстырып, өндірісті одан әрі дамыту және кеңейту жоспары жөнінде баяндады.
Дархан Сатыбалды шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту Алматы экономикасын әртараптандырудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мұндай өндірістік алаңдар шағын және орта бизнестің дамуына, өндірістерді жергіліктендіруге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Индустриялық аймақ аумағында 70 шағын өнеркәсіптік паркті іске асыру көзделген. Оның 22-сі пайдалануға берілсе, 48 жоба жүзеге асырудың түрлі кезеңінде.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Индустриялық аймаққа жаңа өндірістерді тарту, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыруды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында Дархан Сатыбалды өнеркәсіптік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және өндірістік кәсіпкерлікті қолдау қаланың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін айтты.