Алматыда Достық даңғылының, Зенков және Атамекен көшелерінің жекелеген учаскелерінде біржақты қозғалыс енгізіледі

Алматыда Достық даңғылының, Зенков және Атамекен көшелерінің жекелеген учаскелерінде біржақты қозғалыс енгізіледі

18 маусымнан бастап Алматы қаласының Медеу ауданында Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта, сондай-ақ Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізіледі. Бұдан бөлек, Әуезов ауданында Атамекен көшесінің (Атамекен шағынауданы) №103 үйден №108 үйге дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылған. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты.

Аталған шешім Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылуда және көлік жүктемесін азайтуға, көше жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жолдағы даулы жағдайлардың санын қысқартуға бағытталған.

Өзгеріс қазіргі көлік жағдайына жүргізілген талдау нәтижесі мен аудан тұрғындарының өтінішін ескере отырып қабылданды.

Біржақты қозғалыс пилоттық режимде енгізілетіні атап өтілді. Алдағы шешімдер оның тиімділігіне жүргізілетін мониторинг қорытындысы бойынша қабылданады.