Алматылықтар дене даярлығы деңгейін тексере алады

Алматылықтар дене даярлығы деңгейін тексере алады

14 маусым сағат 09:00-де Алматы Орталық стадионының қосалқы алаңында Қазақстан Республикасы Президенті тестілері өтеді. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері айтты.

Спорттық-бұқаралық іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған.

Тестілеуге балалар, жастар және ересек қала тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаға 30, 60, 100, 500 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру, орнынан ұзындыққа секіру, биік кермеде тартылу, сондай-ақ шалқадан жатқан қалыптан денені көтеру жаттығулары енгізілген.

Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президенті тестілері халықтың дене даярлығы деңгейін бағалаудың маңызды құралдарының бірі саналады және азаматтарды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға ынталандырады.