Сахна сыртындағы құпия мен премьерадағы аншлаг: Cirque du Soleil-дің OVO шоуы Алматыдағы гастролін қалай бастады

Сахна сыртындағы құпия мен премьерадағы аншлаг: Cirque du Soleil-дің OVO шоуы Алматыдағы гастролін қалай бастады

11 маусым күні Алматыда OVO шоуының тұсаукесері өтті. Сол күні қойылымның халықаралық командасы алғаш рет БАҚ өкілдеріне әлемдегі ең танымал шоулардың бірінің сахна сыртына кіруге мүмкіндік беріп, артистер сахнаға шықпай тұрып-ақ ауқымды қойылымның қалай дайындалатынын көрсетті.

Алматы Астанадан кейін OVO гастрольдерін қабылдаған Қазақстандағы екінші қала болды. Журналистер әдетте көрермендерге қолжетімсіз аймақтарды аралап, артистердің, техникалық топтың, костюм әзірлеушілердің және музыканттардың жұмысымен танысып, кешкі қойылымға дайындық барысын тамашалады.

Шоудың ресми өкілі Жани Малленің айтуынша, Қазақстан OVO гастрольдік тарихындағы 47-ел атанды.

«Cirque du Soleil-дің миссиясы – адамдардың қиялын оятып, сезіміне әсер етіп, әлемнің түкпір-түкпірінде эмоция сыйлау. Сондықтан біз үнемі жаңа көрермендер мен жаңа елдерді іздейміз. OVO әлемді 17 жылдан бері аралап келеді, ал Қазақстан бұл шоудың тарихындағы 47-ел болды», – деді Жани Малле.

Экскурсия барысында журналистер бірнеше акробатикалық нөмірдің жаттығуларын көріп, шоудың дайындық үдерісі туралы мәлімет алды. Сахна сыртында ондаған маман қатар жұмыс істейді: артистер дене қыздыру жаттығуын жасайды, костюмерлер сахналық образдарды дайындайды, ал техникалық топ жарық, дыбысты реттеп, күрделі акробатикалық құрылымдарды тексереді.

OVO сюжетінің негізінде жәндіктердің ерекше әлемі жатыр. Бұл әлемде жұмбақ жұмыртқаның пайда болуы басты оқиғаға айналып, таныстықтар, жаңалықтар мен өзгерістерге толы оқиғаның басталуына себеп болады. Қойылым акробатика, театр, музыка, би және бейнелеу өнерін біріктіреді.

Шоу қатысушыларының бірі Бельгиядан келген артист Йорн Де Лендар шегірткенің рөлін сомдайды.

«Ең үлкен арманым туралы сұрағанда, мен әдетте сол арманмен өмір сүріп жүргенімді айтамын. Он жылдан бері Cirque du Soleil-де өнер көрсетіп келемін, бұл мен шын жүректен жақсы көретін жұмыс», – деді артист.

Қойылымға әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман қатысады. Сахнада 53 артист өнер көрсетеді. Олардың қатарында кәсіби акробаттар, гимнасттар, халықаралық жарыстардың чемпиондары және музыканттар бар.

Қойылымның сценографиясы мен костюмдеріне ерекше көңіл бөлінген. Бір қойылым үшін шамамен 800 костюм элементі пайдаланылады, ал гастроль кезінде олардың жағдайын арнайы гардероб қызметінің мамандары қадағалайды. Барлық костюм Cirque du Soleil-дің Монреальдағы штаб-пәтерінде дайындалып, әр артисттің дене ерекшеліктеріне сай жеке тігіледі.

Гастроль аясында 200-ден астам билет әлеуметтік мекемелердегі балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және ерекше қажеттілігі бар балаларға табысталды. Сонымен қатар, халықаралық труппаның Алматыда болуы кезінде цирк оқу орындарының студенттері мен жергілікті цирк артистерімен кәсіби тәжірибе алмасу кездесуі өтеді.

Қойылымға қатысатын тағы бір артист Михаил Костяновтың пікірінше, шоу әсіресе отбасылық көрермендерге қызықты.

«OVO – өте отбасылық шоу. Меніңше, мұндай қойылымдар балаларды спортпен айналысуға ынталандырады, өнер әлемін танытады және кем дегенде бірнеше сағатқа телефон мен гаджеттерден алыстап, ерекше әсер сыйлайды», – деді ол.

OVO шоуының Алматыдағы гастролі 14 маусымға дейін жалғасады.

https://drive.google.com/drive/mobile/folders/1VdHGq6Wetmo_TM3rFK-kOBL4bm868jOy