Алматыда «Эколог сағаты» экологиялық акциясы өтті.

Алматыда «Эколог сағаты» экологиялық акциясы өтті.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Алматы қаласындағы алғашқы ЭкоХабта «Эколог сағаты» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - экологиялық мәдениетті насихаттап, жауапты тұтыну қағидаттарын дәріптеу.

Акцияға қала тұрғындары, студенттер, түрлі ұйымдардың өкілдері мен экобелсенділер қатысты. Қатысушылар үшін қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, мамандар кеңес берді. Сондай-ақ күнделікті өмірде қолдануға болатын экологиялық дағдылар мен тұтыну қағидаттары түсіндірілді.

Сондай-ақ ЭкоХаб мамандары қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдарды, оның ішінде жиһаз элементтері мен интерьер заттарын таныстырды.

Акция аясында тұрғындар мен ұйымдар қайта өңдеуге жарамды қалдықтарын өткізді. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын экологиялық өмір салтын қалыптастыруға арналған практикалық кеңестер тудырды. Атап айтқанда, полиэтилен пакеттердің орнына шоппер пайдалану, бір реттік ыдыстардың орнына термос пен көп рет қолданылатын бөтелкелерді қолдану секілді қарапайым да пайдалы дағдылар насихатталды.

«Экологиялық мәдениет білім мен жеке тәжірибе арқылы қалыптасады. Осындай іс-шаралар тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинау қағидаларымен тәжірибе жүзінде танысуға, қайта өңдеудің мүмкіндіктерін көруге және қалдықтардың пайдалы өнімге айналатынын түсінуге мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дәл осындай қарапайым қадамдардан басталады», – деді Eco Network компаниясының операциялық директоры Хамза Сафаров.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір күн ішінде алаңға мыңға жуық адам келген. Сонымен қатар акция барысында тұрғындар мен ұйымдар қайта өңдеуге арналған қалдықтарын әкеліп тапсырып, экология және жауапты тұтыну мәселелеріне қызығушылықтарының артып келе жатқанын көрсетті.

Айта кетейік, ЭкоХаб – тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған орталық. Мұнда тұрақты түрде тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім беру іс-шаралары, шеберлік сабақтары мен түрлі акциялар өткізіліп тұрады.