
Экологтар күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» саябағында қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды. Жобаның бастамашысы — Қазақстан нарығында 15 жылдық мерейтойын 5 маусымда атап өткен Karcher Kazakhstan компаниясы. Компанияның мерейтойы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келуі де ерекше мәнге ие. Жоба Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы, Eco Almaty ЖШС, ECO Network компаниясы және Satbayev University қолдауымен жүзеге асырылды.
Ашылу рәсіміне Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев пен Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Кеңесбай қатысты.
Аллеяны жасау үшін жалпы салмағы шамамен 250 келі болатын 120 мыңнан астам пластик қақпақша жиналды. Олардың барлығын Алматы мектеп оқушылары «Мейірімді қақпақша» экологиялық жобасы аясында жинаған. Сұрыптау мен дайындаудан кейін қақпақшалар Satbayev University базасындағы ECO Network ұйымының «Эко-Хабына» қайта өңдеуге жіберіліп, екінші шикізаттан жаңа аллеяға арналған 11 орындық дайындалды.
Серік Әділбаевтың айтуынша, мұндай жобалар «Таза Қазақстан» бастамасының қағидаттарын айқын көрсетіп, қалдықтардың қалалық ортада екінші өмірге ие бола алатынын дәлелдейді.
«Karcher Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Кирилл Кулешов компанияның экологиялық бастамалар мен тұрақты даму жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.
ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов орындықтарды жасау тұрғындардың, оқушылардың, еріктілердің және серіктес ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін айтты.
«Бұл орындықтар қалдықтарды бөлек жинаудың нақты нәтиже беретінін көрсетеді. Мыңдаған адам қақпақшаларды жинауға қатысып, олар кейін қайта өңделіп, қалалық ортаның толыққанды элементтеріне айналды. Бұл жоба басқа компаниялар мен қала тұрғындарын да экологиялық бастамаларды қолдауға шабыттандырады деп сенеміз», — деді ол.
Сонымен қатар, аллея аумағында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған алма пішініндегі арнайы тор орнатылды. Жақын маңдағы университеттердің студенттері оны күтіп ұстауға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға қатысуға дайын екендерін білдірді.
Бұл жоба экологиялық мәдениетті және жауапты тұтыну қағидаттарын ілгерілетуде бизнес, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен қаланың өзара тиімді ынтымақтастығының тағы бір жарқын үлгісі болды.