Алматыда океанариум, амфитеатр және су арнасы бар ауқымды Water Garden кешені бой көтереді

Алматыда океанариум, амфитеатр және су арнасы бар ауқымды Water Garden кешені бой көтереді

Демалыс, мәдени іс-шаралар мен ойын-сауыққа арналған жаңа орталық Алатау ауданында, Бауыржан Момышұлы мен Саин көшелерінің аралығындағы 27 гектардан астам аумақта орналасады. Жобаны жүзеге асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған.

Кешеннің басты ерекшелігі, серуендеуге арналған жағалаулармен, демалыс аймақтарымен және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктермен көмкерілген ұзын су арнасы болмақ. Су жүйесінің айналасында заманауи саябақ аймағы қалыптастырылып, ол қала тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын жаңа демалыс орнына айналады.

Жоба аясында қоғамдық, мәдени және коммерциялық нысандардың біртұтас кешені салынады. Мұнда сауда инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп, кәсіп жүргізудің түрлі форматына арналған сегіз коммерциялық аймақ орналастырылады. Олардың қатарында дүкендер, бутиктер, қызмет көрсету орындары, отбасылық демалыс нысандары және қоғамдық тамақтану орындары бар.

Кешеннің маңызды нысандарының бірі — әлем халықтарының тағамдары мен гастрономиялық тұжырымдамаларын тоғыстыратын заманауи фудкорт болмақ. Оның жанында концерттер, фестивальдер, кинокөрсетілімдер, шығармашылық кештер мен бұқаралық іс-шараларға арналған ашық амфитеатр салынады.

Жобада отбасылық демалысқа да ерекше көңіл бөлінген. Кешен аумағында балалар орталығы, океанариум және көбелектер музейін ашу жоспарланып отыр. Бұл нысандар алматылықтардың демалыс мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, қаланың жаңа туристік орындарының біріне айналмақ.

Water Garden кешенінің сәулеттік келбетін қала мен саябақтың көркем көрінісі көрінетін шолу алаңы бар мұнара толықтыра түседі.

Жобаға инвестиция тарту және ірі қалалық бастамаларды жүзеге асыру аясында Almaty Invest компаниясы қолдау көрсетіп келеді.