
Алматыда спортты, музыканы, заманауи технология мен визуалды өнерді тоғыстырған алғашқы CYCLE FEST фестивалі өтті. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты.
Фестивальдің басты оқиғасы 300 адамның қатысқан иммерсивті сайкл-шоу болды. Музыкалық сүйемелдеу, жарық эффектілері мен визуалды инсталляциялар аясында қатысушылар бір мезетте жаттығу жасап, ауқымды синхронды перформанстың бір бөлігіне айналды.
Фестиваль барысында қазақстандық ZAQ, Bonapart және Abyken Performance Show өнер көрсетті.
Қонақтар үшін интерактивті алаң, спорттық және би перформанстары, көрсетілім бағдарламалары мен ойын-сауық аймағы ұйымдастырылды. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлері көрсеткен арнайы дайындық пен қоян-қолтық ұрыс болды.
CYCLE FEST түрлі жастағы әрі дене дайындығы әртүрлі қатысушылардың басын қосып, алматылықтардың бұқаралық спортқа және белсенді демалыстың заманауи түрлеріне қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.
Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, CYCLE FEST — дене белсенділігі, музыкалық бағдарлама және технологиялық шешімдерді бір форматта біріктірген Қазақстандағы алғашқы спорттық жоба.
Мұндай іс-шаралар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға және халықты тұрақты түрде спортпен айналысуға ынталандыруға мүмкіндік береді.