
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда жалпы инвестиция көлемі 476,9 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілдері айтты.
Жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібі, туризм, денсаулық сақтау, көлік және логистика секілді негізгі салаларды қамтыды. Соның нәтижесінде қалада 6,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Жалпы инвестицияның басым бөлігі 440,5 млрд теңгеге тең алты ірі жобаға тиесілі. Бұл бастамалар өндірістік қуатты арттырып, өнеркәсіп әлеуетін күшейтуге және жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік берді.
2026 жылы инвестициялық саясат жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, импортты алмастыруға және индустриялық инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталмақ.
Негізгі жобалардың арасында «Алатау» ИТП» АЭА аумағында Viva Pharm компаниясы салып жатқан толық циклді фармацевтикалық зауыт бар. Кәсіпорын жылына 200 млн таблеткаға дейін өндіре алады.
Сондай-ақ, Алматы индустриялық аймағында Sapa Industry Group автоклавты жеңіл бетон шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Мұнда жыл сайын 50 мың текше метр қабырға панельдері мен 150 мың текше метр газоблок өндіріледі.
CA-International компаниясы жылына 4 мың тоннадан астам өнім шығаратын табақты поливинилхлорид өндірісін іске қоспақ.
Бұған қоса, NARPRINT компаниясы тұрмыстық және шаруашылыққа арналған қағаз өнімдері мен жапсырма өнімдерін шығаруды қолға алады. Жоспарланған өндіріс көлемі жылына шамамен 830 тонна.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа өндірістердің іске қосылуы қосымша жұмыс орындарын ашып, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтіп, Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.