
Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау биыл 1-15 маусым аралығында өтеді. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.
Өтінімді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Бағдарлама аясында қатысушыларға мынадай шарттар ұсынылады:
— несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;
— жылдық мөлшерлеме — 5%;
— бастапқы жарна — 10%;
— бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
— Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу;
— соңғы бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болмауы;
— Алматыда кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдарының болуы.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлеріне, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала өкілдеріне, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына арналған.
Бағдарлама туралы толық ақпаратты kezekte.kz сайтындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінен табуға болады. Байланыс телефоны: +7 (727) 225-14-57.