Бүгінде Алматыда қандай мамандықтар сұранысқа ие: Жұмыспен қамту басқармасының деректері

Бүгінде Алматыда қандай мамандықтар сұранысқа ие: Жұмыспен қамту басқармасының деректері

2026 жылдың басынан бері Алматының 22 мыңнан астам тұрғыны Еңбек мобильділігі орталығына жүгінген. Олардың 18,7 мыңы ресми түрде жұмыссыз мәртебесін алса, 7,8 мыңнан астам алматылық тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары мен бірінші тоқсанның қорытындылары туралы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты.

Спикердің айтуынша, қала тұрғындарын жұмыспен қамту жағын кәсіби оқытудан бастап жастар мен жаңа кәсіп бастағандарды қолдауға дейінгі бірнеше бағыт бойынша жүргізіп жатыр екен.

«Біздің басты міндетіміз — қаладағы еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санатын жұмыспен қамтуға жағдай жасау және мемлекеттік қолдау шараларын толық іске асыру. Бүгінде жұмыспен қамту бағдарламаларына сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Тек бірінші тоқсанда Еңбек мобильділігі орталығына 22,6 мың адам жүгініп, 9 мыңнан астам алматылық жұмыспен қамтылды», — дейді Бауыржан Жаубасов.

Ол Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бекіткен 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асып жатқанын айтты. Яғни, тұрақты жұмыс орнын құруға көп көңіл бөлген.

«Жыл басынан бері қалада 2 820 жұмыс орны құрылды, оның 99,2%-ы — тұрақты жұмыс орны. Жалпы, биыл кемінде 51 мың жұмыс орны ашылмақ, оның 45 мыңнан астамы — тұрақты жұмыс. Бұл жұмыспен қамту құрылымын жақсартып, еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», — деді басқарма басшысы.

Сұранысқа ие бағыттың бірі — кәсіби оқыту. Бірінші тоқсанда курстарға 104 адам жіберілген, сонымен қатар 40 мамандық бойынша тағы 282 бос орын тұр. Олардың қатарында тігінші, визажист, шаштараз, аспаз, кондитер, наубайшы, сылақшы, флорист, web-әзірлеуші мен басқа да мамандық бар.

«Қысқа уақытта оқыту адамдарға жаңа мамандықты тез меңгеріп, еңбек нарығының талаптарына бейімделуге көмектеседі. Оқыту білім беру ұйымдарында да, жұмыс берушілердің жұмыс орындарында да жүргізіледі. Оған қатысатындар оқып жүріп шәкіртақы немесе жалақы алады. Сонымен қатар біз skills.enbek платформасы арқылы қашықтан оқыту форматын да жан-жақты дамытуды қолға алып жатырмыз», — деді Бауыржан Жаубасов.

Басқарма мәліметінше, жыл басынан бері 888 адам біліктілігін арттырған. Олардың 784-і онлайн, 104-і офлайн форматта оқыған. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 406 кәсіпкер қолдау алған.

Жастар да назардан тыс қалған жоқ. Кәсіптік бағдар беруге 3,6 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент қамтылды. Жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге арналған «Жастар практикасы» бағдарламасы да жұмыс істейді.

«Жастар практикасы түлектерге мамандығы бойынша алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда электронды еңбек биржасында 572 бос жұмыс орны бойынша 449 хабарландыру жарияланған. Білім беру, қаржы, IT, құқық пен медицина саласындағы мамандарға сұраныс көп. Жастар 12 айға дейінгі мерзімге практикаға жолдама алып, 129 750 теңге көлемінде жалақы ала алады», — деді спикер.

Қазіргі уақытта жастар практикасы бойынша ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында мұғалімдер, логопедтер, бухгалтерлер, бағдарламашылар, заңгерлер, стоматологтар пен медицина қызметкерлері бар.