2026 жылы Алматыда 425 мың шаршы метрден астам гүлзар көркейтіледі

2026 жылы Алматыда 425 мың шаршы метрден астам гүлзар көркейтіледі

Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаланы сәндік-гүлмен безендіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып келеді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері айтты.

2026 жылы қаладағы гүлмен безендіру аумағы 425 мың шаршы метрден асады. Былтырмен салыстырғанда біржылдық гүлдерді егу көлемі 2,7 млн-нан 4,3 млн-ға дейін, яғни шамамен 1,6 есеге артты. Ал раушан гүлдерінің саны 125 мыңнан 580 мыңға дейін көбейіп, 4,6 есеге ұлғайды.

Кешенді көріктендіру жұмыстарының нәтижесінде Алматы жыл санап көркейіп, жасыл желекке оранып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы қалаға айналып келеді.

Гүл композициялары қаланың магистральді көшелерін, жүргінші аймақтарын, саябақтары мен скверлерін сәнге бөлеп тұр. Сонымен қатар Алматыда тік көгалдандыру бағытындағы жұмыстар да белсенді дамып отыр.

Біржылдық және көпжылдық гүлдер, гүлдейтін бұталар мен сәндік элементтерді кеңінен қолдануға басымдық берілген. Бұл қала көркін арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді.

«Eco Almaty» ЖШС мамандары гүл егу жұмыстарының сапасы мен жасыл желектерге күтім жасау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап отыр.