
2026 жылы 17 сәуір сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін Жамбыл көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі аралықта Розыбакиев көшесі бойымен екі бағытта да автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның баспасөз қызметінің өкілдері хабарлады.
Шектеулер қолданыста жоқ әуе электр желілерінің тіректерін бұзу жұмыстарына байланысты енгізілуде. Аталған желі 1951 жылы пайдалануға беріліп, 2017 жылы қолданыстағы электрмен жабдықтау сызбасынан шығарылған. Қазіргі уақытта ол пайдаланылмайды.
Бұзу жұмыстары қалалық ортаның эстетикалық келбетін жақсартуға, көріктендіру деңгейін арттыруға және пайдаланылмайтын инфрақұрылым элементтерін жоюға бағытталған.
Жұмыс қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы нормативтерді сақтай отырып жүргізіледі.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарау сұралады.