
Алматыда атмосфералық ауаны қорғау шаралары аясында «Eco Almaty» ЖШС ұйымдастырған автокөлік шығарындысын тегін диагностикалау акциясы қорытындыланды.
Екі күн ішінде мамандар 70 автокөліктің зиянды заттар шығарындысын тексерді. Оның шамамен 20%-ы бензинмен жүретін көліктер болса, қалған басым бөлігі дизельді автокөліктер болды.
Тексеру жұмыстары айыппұлсыз және әкімшілік жаза қолданусыз өтті. Жүргізушілер көліктерінің нақты техникалық жағдайын біліп, мамандардан қажетті кеңес алды.
Мониторинг барысында көміртек тотығы (CO), көмірқышқыл газы (CO₂), азот тотығы (NO), көмірсутектер (CH) және оттегі (O₂) деңгейі, сондай-ақ пайдаланылған газдардың түтіндену көрсеткіші өлшенді. Мамандар бұл көрсеткіштердің ауа сапасына әсерін түсіндіріп, көлікті пайдалану кезінде нені ескеру қажет екеніне тоқталды.
«Eco Almaty» өкілдерінің айтуынша, мұндай санкциясыз формат жүргізушілерге ақауды ерте анықтап, дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта осындай акцияларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.