
Алматыдағы «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы ғылым қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Оған ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен жас ғалымдар қатысты. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің ғылыми экожүйені дамыту және ғылымның экономика мен қоғамдағы рөлін күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында «Ғалымдар аллеясында» ағаш егу рәсімі өтті. Сонымен қатар медицина, биотехнология, генетика және археология салаларындағы ғылыми әзірлемелер мен инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
«Ғылым әрқашан прогрестің қозғаушы күші, жаңа идеялар мен технологияның қайнар көзі, қоғамның тұрақты дамуының негізі. Бүгінде дәл ғылыми жетістіктер қалаларымыз бен еліміздің болашағын айқындайды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Әкімнің орынбасары Алматыда ғылымды қолдаудың заманауи экожүйесі қалыптасып жатқанын, ол ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететінін атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары 2026 жылы 10 сәуірден бастап Алматыда түйткілді мәселелерді шешуге және қолданбалы әзірлемелерді енгізуге бағытталған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
Іс-шара аясында ғылыми қауымдастық өкілдерінің еңбегі бағаланды. Жоғары білім мен заң ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан Айнар Сәбитова «Парасат» орденімен марапатталды.
Аталған іс-шара ғылым, мемлекет және бизнес өкілдері арасындағы диалог алаңына айналып, қаланың дамуындағы ғылымның стратегиялық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.