
Алматының Әуезов ауданында аумақтың санитарлық жағдайын сақтау және экологиялық бастамаларды іске асыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Абзал Егембердиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Аудан аумағын тазалау жұмыстарымен 10 мердігер ұйым айналысады. Күн сайын бұл іске 700-ден астам қызметкер мен 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылады.
Тазалық шаралары 256 шақырым көше-жол желісін, 129 гектар жасыл аймақты және 971 аула аумағын қамтиды.
Биыл санитарлық мақсатта 33 мың ағашты кесу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 5 мыңы кесілді.
Ауданда 248 контейнерлік алаң және 1 835 қоқыс контейнері бар.
«Қатты тұрмыстық қалдықтар жиналатын алаңдарды тазалау күн сайын «Тәртіп» АҚ күшімен жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 30 бірлік арнайы техника тартылған. Қажет болған жағдайда алаңдарды жуу және сырлау жұмыстары да жүргізіледі», — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері ауданда 10 экологиялық іс-шара өткізіліп, 3 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 6 сенбілік ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 200 текше метрге жуық қоқыс шығарылып, 250 ағаш егілді.