Алматының Әуезов ауданында 40 шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылып, көше жарығы жаңартылады

Алматының Әуезов ауданында 40 шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылып, көше жарығы жаңартылады

Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, Достық шағынауданында ұзындығы 15,7 шақырым болатын су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталған. Соның нәтижесінде 800-ге жуық тұрғын үй орталықтандырылған жүйеге қосылып, 3,5 мыңға жуық тұрғын қамтылған.

Таугүл шағынауданында қосымша 2 шақырым инженерлік желінің құрылысы жалғасып келеді. Бұған дейін осы жоба аясында 23,6 шақырым коммуникация пайдалануға берілген. Жалпы алғанда, аталған жобалар шамамен 5,5 мың тұрғынды орталықтандырылған инженерлік желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тозығы жеткен ведомстволық желілер орналасқан аумақтарда жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын инженерлік желілерді салу және қайта жаңғырту бойынша үш жоба әзірленіп жатыр.

«Біз тозығы жеткен инженерлік желілер мәселесін жүйелі түрде шешіп келеміз. Негізгі мақсат – тұрғындарды тұрақты әрі сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету», — деді Абзал Егембердиев.

Бұған қоса, бірқатар шағынауданда су құбыры мен кәріз желілерінің 2,7 шақырымына қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған.

Сыртқы жарықтандыру жүйесін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері 6,3 шақырым кабель желісі қалпына келтіріліп, 51 жарық тірегі орнатылып, 755 жарық шамы ауыстырылған.

2026 жылдың соңына дейін 29 шақырым кабель желісін қалпына келтіру, 318 тірек орнату, 2745 жарық шамын ауыстыру және жарықтандыруды басқару жүйесінің 20 шкафын жөндеу жоспарланып отыр.