
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы Әуезов ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында аудан әкімі Абзал Егембердиев халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары, қаржыландыру көлемі және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Әкімнің мәліметінше, жыл басынан бері ауданда 7 435 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал әлеуметтік салаға 3,997 млрд теңге бөлінген.
«Біздің жұмысымыздың негізгі басым бағыттарының бірі — халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау. Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік әлеуметтік қызметтің 15 түрі көрсетіледі. Әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған. Біз шын мұқтаж жандарға атаулы әрі жүйелі көмек көрсетуге күш салып келеміз», — деді Абзал Егембердиев.
Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға 2,906 млрд теңге бағытталған. Әлеуметтік көмекке — 823,5 млн теңге, атаулы әлеуметтік көмекке — 174,7 млн теңге, тұрғын үй көмегіне — 4,05 млн теңге, үйде оқытуға — 28,8 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 504 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 70 алматылық тұрғын үй көмегімен қамтылған.
«Негізгі төлемдермен қатар қосымша қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. 7 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі төлемді 1602 адам алып, оған 48,6 млн теңге жұмсалды. Сонымен қатар, 942 тұрғынға 81,5 млн теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілді. Ардагерлерге де ерекше назар аударылады — Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ауған соғысының ардагерлеріне тиісті төлемдер жасалды. Бұл біздің әлеуметтік саясатымыздың маңызды бөлігі», — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аз қозғалатын азаматтарды қолдау аясында 510 адам жеке көмекші қызметімен, 115 адам сурдоаудармашы қызметімен қамтылған. Оларға мүгедектер арбасы беріліп, протездеуге жолдама мен оңалту құралдары ұсынылған. 217 адам санаторлық-курорттық ем қабылдаған. Үйде оқыту қызметі 167 адамды қамтып, оған 8,5 млн теңге жұмсалған.
Ауданда бірқатар әлеуметтік жоба да қолға алынған. Отбасын қолдау орталығы 21 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубы үш филиалы арқылы 640 баланы қамтып отыр. «Тең қоғам» орталығы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Ал белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары шамамен 20 мың қарт тұрғынға қызмет көрсетеді.
«Әуезов ауданы қарт тұрғындардың саны бойынша алдыңғы орында — шамамен 50 мың адам. Осыған байланысты аға буынға арналған инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Қазіргі таңда ауданда екі белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, алайда сұраныс жоғары. Осыған орай үшінші бөлімшені ашу мәселесі қарастырылып, тиісті конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр», — деді Абзал Егембердиев.
Аудан әкімінің айтуынша, әлеуметтік саладағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қызметтердің қолжетімділігін арттыру мен қамту аясын кеңейтуге басымдық беріледі.