Алматының Әуезов ауданында әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді

Алматының Әуезов ауданында әлеуметтік инфрақұрылым дамып келеді

Алматының Әуезов ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Абзал Егембердиев мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, бүгінде ауданда 59 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр, алайда оқушы орындарының тапшылығы 5 мыңнан асады.

«Қазіргі таңда ауданда 54 мектеп жұмыс істейді: оның 33-і мемлекеттік, 21-і жекеменшік. Орын тапшылығын азайту мақсатында ескі мектептердің орнына жаңаларын салу және қолданыстағы мектептерге қосымша ғимараттар тұрғызуға ден қойып отырмыз. Бұл шамамен 3 мың орын тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді», — деді Абзал Егембердиев.

Ауданда 7 жаңа мектеп салу, сондай-ақ екі мектепке қосымша құрылыс жүргізу жоспарланған. Бұл шамамен 700 жаңа оқушы орнын ашуға жол ашады. Сонымен қатар, Жандосов пен Саин көшелерінің қиылысында халықаралық деңгейдегі Charterhouse Almaty мектебінің құрылысы қолға алынған. Аталған жоба аясында театр, спорт залдары мен бассейні бар заманауи кампус бой көтереді. Мұнда оқу үдерісі британдық бағдарлама негізінде, ұлттық білім беру стандарттарын ескере отырып жүргізіледі.

Мектепке дейінгі білім беру саласында ауданда 47 мемлекеттік және 104 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Соған қарамастан, орын тапшылығы шамамен 6 мың.

«Былтыр екі жаңа балабақша пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бірнеше нысанды салу және қайта жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде 120 орындық жаңа балабақшалар салу және қолданыстағы ғимараттарды жаңарту жұмыстары бар», — деді әкім.

Алдағы уақытта Таугүл және Ақсай шағынаудандарында жаңа балабақшалар салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту көзделіп отыр.

Жастар саясатына да ерекше мән берілген. Ауданда 5 жоғары оқу орны мен 18 колледж жұмыс істейді, онда 40 мыңнан астам студент білім алып жүр. Комьюнити орталық 10 мыңнан астам жасты қамтып отыр. Сонымен қатар, Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жөндеуден өтіп жатыр, бұл жұмыс 2026 жылы жазда аяқталады.

«Біздің мақсат — жастардың тек білім алуына ғана емес, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта түрлі білім беру, шығармашылық және спорттық жобалар жүзеге асырылуда. «Damu Bala» бағдарламасы аясында биыл 2,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 6 мыңнан астам бала қамтылды», — деді Абзал Егембердиев.

Денсаулық сақтау саласында ауданда 11 мемлекеттік және 38 жекеменшік медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Емханаларға 363 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Биыл №16 емхананың күрделі жөндеуі аяқталып, Қуаныш шағынауданында ауысымына 300 адам қабылдайтын №18 емхананың филиалы салынады. Сонымен қатар, 67 орындық балалар ауруханасының құрылысы жалғасуда және №15 емхананың ғимараты қайта жаңғыртудан өтеді.

Әуезов ауданы әкімінің айтуынша, жобаларды жүзеге асыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.