
Алматының Жетісу ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
2026 жылдың соңына дейін ауданның 64 көшесінде жалпы ұзындығы 67,8 шақырым инженерлік желі тартылып, шамамен 3,7 мың абонент қамтылады. Сонымен қатар, 7,8 шақырым су құбыры мен 1,1 шақырым кәріз желісі қайта жаңғыртылып, жылу желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізіледі.
Электрмен жабдықтау жүйесіне де ерекше мән беріліп отыр. 29,3 шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланған.
Бұған қоса, сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасады. Биыл 35 шақырым кабель желісі ауыстырылып, 107 жаңа тірек орнатылады, 3 мыңнан астам шам жаңартылады.
«Инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту – жайлы қалалық ортаның негізі. Басты мақсатымыз – тұрғындарды сапалы әрі сенімді қызметтермен қамтамасыз ету», – деді Ләззат Жылқыбаева.