Алматының Жетісу ауданында инвестиция көлемі 32%-ға артып, 40 млрд теңгенің жобалары жүзеге асып жатыр

Алматының Жетісу ауданында инвестиция көлемі 32%-ға артып, 40 млрд теңгенің жобалары жүзеге асып жатыр

Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын баяндап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындады.

Әкімнің айтуынша, Жетісу ауданы шаһардың жетекші индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қана қоймай, тұрақты өсім көрсетіп келеді.

«Бірінші тоқсан қорытындысы негізгі экономикалық көрсеткіштердің айқын өсімін аңғартады. Инвестиция көлемі 32 пайызға ұлғайып, шамамен 20 млрд теңгеге жетті. Бұл іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін және инвесторлардың ауданға деген сенімінің нығайғанын білдіреді», — деді Ләззат Жылқыбаева.

2026 жылы ауданда ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын «А» санатындағы екі қойма кешенін («Карина» мен «Техноград») салу көзделген. Сонымен қатар, 12 млрд теңге көлемінде «Жаңа Ялян» және «Саудакент» сауда орталықтарының құрылысы қолға алынбақ.

Өнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады: өндіріс көлемі 10 пайызға өсіп, шамамен 60 млрд теңгеге жетті. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асатын үш шағын индустриялық парк іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Аудан экономикасының дамуына 35 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері де елеулі үлес қосып отыр. Олардың белсенді қызметінің нәтижесінде салық түсімі 13 пайызға артып, 100 млрд теңгеге жетті, сондай-ақ 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

«Біздің міндетіміз – өсім қарқынын сақтап қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға және халықты жұмыспен қамтуға қолайлы жағдай жасау», — деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.