Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түркия Елшісімен кездесті

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түркия Елшісімен кездесті

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті. Тараптар тарихи жақындық пен мәдени ортақтыққа негізделген екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ 34 жылда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгені айтылды.

Келіссөздер барысында елдегі ең ірі мегаполис ретінде Алматының рөлі ерекше екені атап өтілді. Қала жалпы ішкі өнімнің шамамен 23%-ын қалыптастырып, тікелей шетелдік инвестициялардың 40%-ға жуығын тартады. Түркия Алматының негізгі серіктестерінің бірі болып қала береді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 750 млн АҚШ долларынан асты. Қалада түрік капиталы бар 2 500-ден астам компания тіркелген. Түркия инвесторларының қалалық инфрақұрылым мен жылжымайтын мүлік саласын дамытуға қосқан үлесі де айтылды.

Тараптар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Басым бағыттар қатарында заманауи іскерлік және қаржылық кластерлерді дамыту, халықаралық көрмелер өткізуге арналған инфрақұрылым құру, тау туризмі мен логистика дамыту және цифрлық сауда платформаларын қалыптастыру бар. Сонымен қатар денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайына ерекше назар аударылды.

Кездесуде туристік және мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға да басымдық берілді. 2025 жылы Алматыға Түркиядан 37 мың турист келгені оң динамиканы көрсетеді. Алматы мен Түркияның ірі қалалары арасындағы тікелей әуе рейстерінің болуы туристік және іскерлік байланысты одан әрі артуына ықпал етеді. Тараптар бұл кездесу өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.