700-ден астам науқас және 180 ота: Алматыда балалардың көру қабілеті қалай қалпына келтірілуде?

700-ден астам науқас және 180 ота: Алматыда балалардың көру қабілеті қалай қалпына келтірілуде?

2026 жылдың басынан бері Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында көз ауруларымен ауыратын 700-ден астам науқас ем алды, оның ішінде 181 балаға хирургиялық ота жасалған. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.

Ота заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізіліп, орта есеппен 25-35 минутқа созылады. Жоспарлы оталар түске дейін жасалады, бұл балалардың психологиялық жай-күйіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Негізгі бағыттардың бірі — балалардағы қылилықты емдеу. Бұл ауру ерте кезеңде анықталып, кешенді түрде емделуді қажет етеді.

«Қазіргі уақытта біз балалардың қылилығын хирургиялық түрде емдеп жатырмыз. Ота ерте жаста жасалады, себебі бұл ең жақсы функционалдық нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Балаларға жасалатын ота тек сыртқы ақауды түзетумен шектелмей, көру қабілетінің, әсіресе бинокулярлық көрудің дұрыс қалыптасуына бағытталады. Сондықтан дер кезінде диагностика жасап, емді кешіктірмей бастау аса маңызды», — деді Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының офтальмохирургі, медицина ғылымдарының кандидаты Ләззат Кейкина.

Дәрігерлердің айтуынша, ота — емдеу үдерісінің бір кезеңі ғана. Одан кейін науқастар аппараттық емдеу мен көруді түзету арқылы оңалту курсынан өтеді.

«Бұл ретте, біз жинақталатын қылилық туралы айтып отырмыз: алдымен анатомиялық негіз қалыптастырылады, содан кейін көзілдірік және арнайы аппараттар арқылы ем жалғасады», — деді офтальмохирург.

Орталықта қылилықтан бөлек, катаракта, глаукома және көздің қосымша аппаратына қатысты түрлі патологиялар бойынша да операциялар жасалады.

Ем Қазақстанның барлық өңірінен келген балаларға қолжетімді. Емдеу барысында заманауи технология, соның ішінде глаукоманы емдеуде арнайы дренаждық жүйелер қолданылады.

Жаңа корпустың ашылуы орталықтың мүмкіндігін едәуір арттырды: бөлімше 40 орынға арналған және заманауи операциялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, шала туған нәрестелердегі торқабық ауруларын емдеуге бағытталған витреоретиналдық хирургия да қарқынды дамып келеді.

«Біздің міндет — балалар офтальмологиясында емдеу мен хирургияның барлық заманауи әдістерін толық меңгеру. Барлық ота МӘМС аясында тегін жүргізіледі. Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының офтальмология бөліміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар мұнда жоспарлы түрде ем қабылдай алады», — деді бөлімше меңгерушісі Нұртас Кеңесов.