
Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықта салмағы небәрі 1159 грамм, бойы 35 сантиметр болып дүниеге келген нәресте ауруханадан шығарылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.
Нәресте 25 қаңтарда дүниеге келіп, алғашқы күннен бастап дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. 54 күн бойы орталық мамандары оған қажетті медициналық көмек көрсетті.
Емдеудің негізгі кезеңі жансақтау бөлімінде өтті. Мұнда жаңа туған нәрестелерді күтуге арналған заманауи жоғары технологиялық әдістер қолданылды. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында баланың жағдайы тұрақталды.
«Барлық медицина қызметкеріне кәсібилігі, қамқорлығы және ықыласы үшін алғыс білдіремін», — деді нәрестенің анасы Зумрат. Оның айтуынша, дәрігерлердің арқасында бәрі сәтті аяқталған.
Бүгін анасы мен сәбиі үйіне шығарылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында мұндай жағдайлар Алматыдағы мамандардың біліктілік деңгейінің жоғары екенін және перинаталдық көмектің дамып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.