Алматыда көктемгі дератизация жұмыстары басталады

Алматыда көктемгі дератизация жұмыстары басталады

2026 жылы 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында Алматыда көктемгі жаппай дератизация жүргізіледі. Бұл жұмысты Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мердігер ұйым — «Эко Сервис Алматы» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырады.

Іс-шараның негізгі мақсаты — жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу және қала аумағындағы санитариялық қауіп-қатерлерді азайту.

Көктемгі кезең аясында жалпы ауданы 47 гектардан асатын ортақ пайдаланылатын аумақтар дәріленеді. Жұмыстар кеміргіштердің негізгі мекендейтін орындарда жүргізіледі: ашық биотоптарда, жасыл аймақтарда, кеміргіштердің індерінде, арық желілерінде, өзен мен су айдындарының жағалауларында, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамалары маңында.

Сонымен қатар жеке сектор тұрғындарына қолдану жөніндегі толық нұсқаулығымен бірге кеміргіштерге арналған улы жем тегін таратылады.

Қалалық қызметтер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 107-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі аумақтарда дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын өз бетінше жүргізуге міндетті екенін еске салады.

Осыған сәйкес, жеке тұрғын үйлердің, ғимараттардың және жер аумақтарының дератизациясын олардың иелері жүргізеді. Ал кондоминиум нысандарының ортақ мүлкін — жертөлелерді, шатырларды, баспалдақ алаңдарын және үй маңындағы аумақтарды өңдеу МИБ/ПИК, сондай-ақ меншік иелері мен жалға алушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Қалалық қызметтер заңды тұлғаларды, МИБ/ПИК-терді өздеріне қарасты ғимараттарда, аумақтарда және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер алаңдарында дератизация жұмыстарын қалалық жаппай өңдеу науқанына қатар ұйымдастыруға шақырады. Мұндай кешенді тәсіл іс-шаралардың тиімділігін арттырып, кеміргіштер санын азайтуға мүмкіндік береді.