Алматыда қалың қарға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Алматыда қалың қарға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Алматыда 10 наурыз кештен бастап қар толассыз жауып жатыр. Қар жауа бастаған сәттен бастап қаладағы коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Негізгі міндет – көктайғақтың пайда болуына жол бермеу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бүгін жұмысқа 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшысы және 1225 техника тартылған. 200-ден астам жол тазалайтын техника жолға көктайғаққа қарсы арнайы материалдар сеуіп жатыр. Себу жұмыстары біткен соң техника 28 бригадаға бөлініп, көшелерді тазалау жұмыстарына кіріседі.

Қалалық қызметтердің мәліметінше, қазірдің өзінде шамамен 3-4 см қар жауған. Қазіргі уақытта жолдарға үшінші рет құм-тұз қоспасы себіліп жатыр. Бұл шаралар көктайғақтың алдын алуға мүмкіндік береді. Синоптиктердің болжамынша, таңертең ауа температурасы −5 градусқа дейін төмендейді.

Қала тұрғындарына барынша сақ болу ескертіледі: жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес беріледі.