Алматыда колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны өтті

Алматыда колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны өтті

25-26 ақпан күндері Алматыда колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны ұйымдастырылды. Оған қаланың 72 командасы мен 200-ден астам студенті қатысты. Хакатонды Алматы қаласы Білім басқармасы өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың цифрлық құзыретін дамыту, қолданбалы инновацияны қолдау және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің заманауи кәсіби дағдысын жетілдіру.

Хакатон өткізу бастамасы былтыр Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қолға алынған. Жоба қолданбалы мамандықтардың беделін арттыруға, инженерлік және технологиялық ойлауды дамытуға, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын цифрлық экономика талаптарына бейімдеуге бағытталды. Биыл жоба Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылды.

Хакатон колледж студенттеріне нақты міндеттерді шешу барысында кәсіби білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін практикалық алаңға айналды. Қатысушылар пәнаралық командаларда жұмыс істеп, заманауи экономика сұранысына сай технологиялық шешімдер әзірледі. Байқау форматы білім беру саласы, бизнес және IT-қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтып, теориядан жобалық және кәсіпкерлік қызметке көшуге жол ашты.

Екі күн бойы студенттер білім беру үдерісін жетілдіруге, кәсіптік бағдар беру сервистерін дамытуға, инклюзивті цифрлық платформалар құруға және оқу процесіне жасанды интеллект технологиясын енгізуге бағытталған жобаларын ұсынды. Қарқынды командалық жұмыс форматында өткен хакатон қатысушыларға IT-индустрия талаптарына жақын жобалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша сарапшылар алқасы технологиялық тұрғыдан үздік деп танылған 40 команданы анықтады. Финалдық жобаларды қорғау 26 ақпанда өтті. Қатысушылар әзірлемесін IT-индустрия мен технологиялық бизнес өкілдеріне таныстырды. Жобалар инновация деңгейі, техникалық орындалуы, практикалық маңыздылығы және ауқымдау әлеуеті бойынша бағаланды.

Байқау нәтижесінде бірінші орынды АУЭС колледжінің командасы иеленді. Екінші орын Алматы сервис және технологиялар колледжіне бұйырды. Үшінші орынды Инновациялық техникалық колледж командасы алды.

Сонымен қатар «Диджитал» командасына алты айлық білім беру курстарынан өтуге сертификат табысталды. Ал Еуразиялық техникалық-экономикалық колледж командасы IT Support компаниясы ұсынған кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған тағылымдамадан өту сертификатына ие болды.

Хакатон аясында студенттер IT-компания өкілдерімен кәсіби байланыс орнатып, жобаларын одан әрі дамыту, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл олардың тұрақты кәсіби даму жолын қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта «BilimHack Almaty» хакатонын дәстүрлі түрде өткізу және қатысушылар қатарын жыл сайын кеңейту жоспарланып отыр.