Алматыда медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жалғасуда

Алматыда медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жалғасуда

Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласында 32 жаңа нысан салу және 14 медициналық мекемені жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың орындалу барысы қала әкімдігінде Алматы қаласы әкімінің орынбасарлары Бейбіт Шаханов пен Нұрлан Әбдірахымның төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Құрылыс және қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының мәліметінше, 32 жаңа нысанның құрылысы және 14 ескі нысанды жаңғырту жоспарланған.

Қазіргі таңда 6 жаңа нысан пайдалануға берілді, 5 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал 10 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Негізгі жобалардың қатарында Дарабоз шағынауданында 300 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орындық перинаталдық орталық салу, сондай-ақ 250 орындық көпбейінді аурухана, онкологиялық орталық және бір ауысымда 350 келушіге арналған емханасы бар кешен құрылысы бар.

Кеңес барысында жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдарды күрделі жөндеу мәселесі де жеке қаралды. 2025 жылы 15 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеумен қамтылды.

Кеңес қорытындысы бойынша жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз ету және салалық басқармалар арасындағы үйлестіруді күшейту тапсырылды.