Алматыда көпжылдық созылмалы дерттен зардап шеккен науқасқа бірегей ота жасалды

Алматыда көпжылдық созылмалы дерттен зардап шеккен науқасқа бірегей ота жасалды

Ауырсынусыз жаңа өмір: Алматыда науқасқа жұлын нейростимуляторы орнатылды

Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасында айқын созылмалы ауырсыну синдромымен ауыратын науқасқа алғаш рет жұлын нейростимуляторы орнатылды.

Науқас ауруханаға бірнеше жыл бойы басылмай келген төменгі аяқ-қолындағы қатты ауырсынумен түсті. Бұл дерт оның өмір сапасын едәуір төмендеткен. Үш жыл бұрын ер адам VI–VII кеуде омыртқалары деңгейінде ауыр омыртқа-жұлын жарақатын алған. Бірнеше хирургиялық араласудан кейін оған транспедикулярлық фиксация жүйесі орнатылған. Алайда уақыт өте келе медикаментоздық емге бағынбайтын тұрақты нейропатиялық ауырсыну қалыптасты.

Ауру үдей түскен сайын ауырсыну синдромы күшейіп, аяқ-қолда, кеуде мен жамбас тұсында сырқат пайда болды. Ұйқысы бұзылып, қозғалыс белсенділігі төмендеп, психоэмоционалдық жағдайы нашарлағандықтан, антидепрессанттар тағайындауға тура келген.

Созылмалы ауырсынуды басу мақсатында мамандар жұлын нейростимуляторын орнату отасын жүргізді.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматовтың айтуынша, электродтар жұлынның VI–VII мойын және I–II кеуде сегменттері проекциясы деңгейінде орналастырылған. Құрылғы ауырсыну сигналдарының берілуін тежейтін бақыланатын электр импульстарын береді. Бұл ауырсынуды едәуір азайтуға немесе толық жоюға мүмкіндік береді.

Жұлын нейростимуляциясы әдісі әлемдік медициналық тәжірибеде созылмалы посттравматикалық ауырсынуларда, отадан кейінгі асқынуларда, сондай-ақ омыртқа мен аяқ-қолдағы ауырсыну синдромдарын емдеуде кеңінен қолданылады.

Бұған дейін мұндай оталар негізінен республикалық мамандандырылған орталықтарда ғана жасалатын. Енді жоғары технологиялық медициналық көмек Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы сияқты қалалық стационарларда да қолжетімді болды.

Жұлын нейростимуляторын имплантациялау жоғары технологиялық медициналық көмек түріне жатады және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында іске асырылады.