Арнайы экологиялық талаптардың сақталуына бақылауды «Eco Almaty» ЖШС жүзеге асырады

Арнайы экологиялық талаптардың сақталуына бақылауды «Eco Almaty» ЖШС жүзеге асырады

Алматыда арнайы экологиялық талаптардың сақталуына енді «Eco Almaty» ЖШС бақылау жүргізеді. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.

Толықтай мемлекеттік қатысуы бар компания бақылаушы ұйымдарға — Экология департаментіне, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және полицияға экологиялық нормалардың бұзылуын анықтауға жәрдемдеседі.

Бақылау шығарындылардың барлық көздерін қамтиды: мобильді көздер (жеке автокөліктер, қоғамдық, коммерциялық және коммуналдық көлік), стационарлық қондырғылар, сондай-ақ ұйымдастырылмаған көздер, оның ішінде қоқыс полигондарында қалдықтарды жағу, кездейсоқ өрт пен пиротехникалық құралдарды пайдалану.

Мониторинг жүргізу үшін қалада 19 стационарлық және 4 жылжымалы бақылау бекеті пайдаланылады. Бұдан бөлек, автокөлік шығарындыларындағы ластаушы заттарды өлшеуге арналған спектрометрлер және стационарлық көздерді бақылауға арналған дрондар қолданылады.

Экология басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай кешенді тәсіл экологиялық талаптардың бұзылуын жедел анықтауға және Алматы қаласындағы ауа сапасын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.