Испанияның Viajar журналы Алматыны ең бірегей таулы қалалардың қатарына қосты

Испанияның Viajar журналы Алматыны ең бірегей таулы қалалардың қатарына қосты

Испанияның Viajar туристік журналы Алматыны тау бөктерінде орналасқан және қала орталығынан тау шаңғысы трассаларына жылдам жетуге болатын әлемдегі бес қаланың қатарына енгізді. Мұны қалалық Туризм басқармасының өкілдері айтты.

Басылымдағы мақалада Алматы қысқы әрі белсенді туризмге арналған инфрақұрылымы дамыған Инсбрук (Австрия), Гренобль (Франция) және Зальцбург (Австрия) сынды танымал бағыттармен қатар ұсынылған.

Материал Viajar журналы өкілдерінің Алматыға жасаған сапарының нәтижесінде әзірленген. Аталған сапар Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылып, қонақтарға қаланың басты туристік нысандары, табиғи келбеті мен мәдени көрікті жерлері көрсетілген.

Әсіресе, Шымбұлақ тау шаңғысы курортына ерекше назар аударылған. Мұндағы аспалы жол қонақтарды теңіз деңгейінен 3 мың метрден астам биіктікке көтерсе, әлемдегі ең биік таулы ашық мұз айдыны орналасқан Медеу кешені де тамсандырды. Аспалы жолмен жоғары көтерілу ұмытылмас әсер сыйласа, қаланың бай мәдени және гастрономиялық өмірі Алматыны саяхатшылар үшін бұрынғыдан да тартымды ете түседі.

1978 жылы құрылған Viajar журналы Испаниядағы ең беделді туристік басылымдардың бірі саналады. Саяхатшыларға арналған басылым мәдени, белсенді әрі танымдық туризмге басымдық береді. Алматы туралы мақала қалаға халықаралық деңгейдегі қызығушылықты арттырып, оны жыл бойы саяхаттауға қолайлы туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.