
2026 жылы Алматы спортшылары ең үлкен халықаралық жарыстарға, соның ішінде XXV Қысқы Олимпиада және Жазғы Азия ойындарына дайындықты бастап кетті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы осылай деді.
«Алматыда қазір 6-22 ақпан аралығында Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға 6 лицензия бар», – дейді басқарма басшысы.
Лицензия иеленген спортшылар қатарында:
- Михаил Шайдоров (мәнерлеп сырғанау),
- Евгений Кошкин (конькимен жүгіру спорты),
- Александра Скороходова мен Ростислав Хохлов (тау шаңғысы спорты) бар.
Сонымен қатар шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных пен Данил Васильев тағы 6 лицензияға үміткер. Ресми растау 22 қаңтарда шығады.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда (Айти префектурасы, Нагоя қаласы) Жазғы Азия ойындары өтпек.
«Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы жеке оқу-жаттығу жоспары бойынша дайындық жүргізіп жатыр. Алматыдан 23 спорт түрі бойынша 79 спортшының қатысатыны жоспарланып отыр», – дейді спикер.
Оқу-жаттығу Еуропа, Азия елдері мен АҚШ-та өтіп жатыр.
Команданың басты мақсаты – алдыңғы Азия ойындарындағы көрсеткіштен асып түсу. Бұл жарыстарға қатысу спортшылар үшін 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі болып, қажетті халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
«Спортшыларымыздың дайындығын жоғары деңгейде ұстап, халықаралық аренадағы позицияларымызды нығайту сияқты біздің алдымызда үлкен міндет тұр», – деп сөзін қорытындылады Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы.