
Алматы қаласының Туризм басқармасы қонақжайлылық мәдениетін нығайтуға және туристерге қызмет көрсету дағдысын жетілдіруге бағытталған фасилитациялық сессиялар сериясын ұйымдастырды. Оқыту бағдарламасына қала қызметтерінде және туризм саласындағы ұйымдарда жұмыс істейтін 400-ден астам маман қатысты.
Бағдарлама барысында қатысушылар заманауи фасилитациялық әдістерді меңгерді, тиімді коммуникация, эмоциялық тұрақтылық және қонақтармен конструктивті іс-қимыл дағдысын жетілдірді. Алған білім мамандардың кәсіби даярлығын күшейтіп, туристке бағытталған сервисті дамытуға мүмкіндік берді.
Сабақтар интерактивті форматта өтті: топтық талқылаулар, тәжірибелік тапсырмалар және қазақ-орыс тілінде аралас командаларда жұмыс жүргізілді.
Бағдарламаны IMPER Group директоры, басқару жөніндегі консультант, кәсіпкерлер мен басшыларға коуч Александр Дудоров жүргізді. Ол IAF және IFVP халықаралық кәсіби қауымдастықтарының мүшесі.
Mastercard дерегінше, 2025 жылы қаңтар-қараша аралығында туристердің жалпы қанағаттану индексі 75%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,1 пунктке жоғары болды. Бұл көрсеткіш сервистің сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Фасилитациялық сессиялар мамандардың кәсіби деңгейін көтеріп, Алматының ашық, қонақжай және туристер үшін қолайлы қала ретіндегі оң имиджін нығайтуға ықпал етті.