
Мәслихаттың кезектен тыс XXХIХ сессиясында депутаттар 2026–2028 жылдарға арналған қалалық бюджетті қолдады. Сессия жұмысына Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, депутаттар және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, бюджет жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және қаланың даму жоспарының басым бағыттарын іске асыруға бағытталған.
2026 жылғы бюджет 2,8 трлн теңгеден астам болады. Оның 29%-ы экономикалық өсімді ынталандыруға бөлінген. Қаражаттың негізгі бөлігі көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік бағдарламаларға, абаттандыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалады.
Көлік саласында қаржы УАААЖ (БАКАД) кеңейтуге, радиалды және магистральдық көшелер салуға, қоғамдық көлікті дамытуға бағытталады. Оның ішінде «Қалқаман» метро станциясының құрылысы, Райымбек даңғылы бойынша BRT желісін салу, 250 км жолды, тротуарлар мен веложолдарды жөндеу, сондай-ақ тығыз құрылыстың әсерінен инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін жер телімдерін сатып алу көзделген.
Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым мен абаттандыруға 400 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл коллекторлар, су құбыры желілері, жылу жүйелерінің құрылысын аяқтауға, көшелердің сәулеттік-декоративтік жарықтандыру жобаларын іске асыруға және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Оның ішінде Достық даңғылы мен Пушкин көшесін қайта жаңарту жобалары бар.
Әлеуметтік сала да басымдыққа ие. 9 жаңа мектептің құрылысы және 8 мектепті реконструкциялау, мектептер мен колледждерді жаңғыртуды жалғастыру, медицина мекемелерін салу және жабдықтау жоспарланған. Сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға арналған PAKS жобасы іске асады, вакциналар мен медициналық препараттар сатып алынады. Әрқайсысы ауысымына 500 қабылдауға арналған 5 жаңа емхана салынып, қазіргі ауруханалар реконструкцияланады.
Мәдениет және спорт саласында театрларды реконструкциялау аяқталады, заманауи футбол стадионы салынады және «Медеу» мұз айдыны жаңартылады.
Сонымен бірге депутаттар қаланың 2026–2030 жылдарға арналған Даму жоспарын бекітті. Онда жеті басым бағыт айқындалған: тұрақты экономикалық өсім, көлік жүйесінің кешенді дамуы, қолайлы қалалық орта, әлеуметтік тұрақтылық пен орнықтылық, «Жасыл Алматы», Smart City және қауіпсіз қала.
Бұл бағыттардың орындалуы Алматы әкімдігі жанындағы жобалық офис қолдауы арқылы 2030 жылға қарай қаланың экономикасын екі еселеуге, жыл сайын кемінде 6% өсім қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ полицентрлік көлік моделін дамыту, әр ауданда әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділік жасау, жоғары технологиялы өндірістер құру, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды кеңейту, тұрғындардың мүдделерін ескере отырып, туристік саланың 60-тан астам жобасын теңгерімді түрде іске асыру жоспарланған.
Бюджет пен даму жоспарын бекітумен қатар, депутаттар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне түзетулер енгізді, «Жасыл Алматы» коммуналдық мекемесінің қызметкерлеріне 100% көлемінде ынталандырушы үстемақылар белгіледі, сондай-ақ экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің құрамына өзгерістер енгізді. Бұл қоршаған орта жағдайына бақылауды күшейтіп, экологиялық бастамаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді