Алматыда 2030 жылға дейінгі Даму жоспары таныстырылды

Алматыда 2030 жылға дейінгі Даму жоспары таныстырылды

Алматы қалалық мәслихатының XXXIX сессиясында мегаполистің 2026–2030 жылдарға арналған Даму жоспарының жобасы таныстырылды. Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов негізгі бағыттар туралы баяндама жасап, алдағы бес жыл арналған қаланы дамыту мен жаңғыртуға қатысты басым бағыттарды атап өтті.

Даму жоспары тұрақты экономикалық өсім, көлік жүйесін кешенді дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылық пен орнықтылық, экологиялық өмір сапасы, цифрлық трансформация және қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жеті негізгі басымдықты қамтиды.

Бауыржан Құдайбергеновтың айтуынша, 2030 жылға қарай қаланың ЖӨӨ көлемін екі есеге ұлғайту, инвестиция көлемін 7 трлн теңгеге жеткізу және шағын және орта бизнестің үлесін 65%-ға дейін арттыру жоспарланған. Шағын және орта бизнестің дамуымен қатар туризмді жетілдіруге, индустриялық аймақты кеңейтуге және мегаполистің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жоспар аясында Алматы тау кластерін дамыту жөнінде ауқымды шаралар қамтылған: 350 км тау соқпағын көркейту, аспалы жолдар желісін кеңейту, тау-шаңғы инфрақұрылымының қабылдау қуатын 5 есеге арттыру көзделген. 2030 жылға қарай қалада 7 мың нөмірге арналған 60 орналастыру нысаны салынады.

Көлік блогы қала жолдарын магистральдық логистикалық дәліздермен біріктіруді, метро желісін кеңейтуді, LRT желісін іске қосуды, 42 BRT дәлізін құруды және 100 км-ден астам жаңа жол салуды қамтиды. Бұл шаралар қоғамдық көліктің күнделікті жолаушылар санын 3 млн сапарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Экономиканың әлеуетін арттырумен қатар, жайлы қалалық орта қалыптастыру жалғасады. Алматы полицентрлік даму моделіне көшеді. Тарихи орталықтың жүктемесін азайту үшін жаңа тартылыс нүктелері пайда болады. 38 қоғамдық кеңістікті салу және жаңарту, 68 қала көшесін жаңғырту жоспарланған. 2026 жылдың соңына дейін қала тұрғындары толықтай орталықтандырылған сумен қамтылады.

Әлеуметтік блок 130-дан астам нысанды салу және жаңғыртуды қамтиды. Бұл жаңа мектептер мен балабақшалар, медицина ұйымдары, стационарларды жаңғырту, мәдени нысандарды жаңарту және спорт инфрақұрылымын дамыту қарастырылған.

Экологиялық бастамалар аясында кең көлемді көгалдандыру, суару жүйесін енгізу, жылу көздерінен шығатын зиянды заттарды 13 есеге азайту және қоғамдық көліктің толық экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.

Цифрландыру саласында инженерлік желілердің жүктемесін оңтайландыру мен болжау үшін «қаланың цифрлық егізі» жасалады. Сондай-ақ, зияткерлік басқару жүйесі енгізіліп, көліктің қозғалыс уақыты мен ауаға бөлінетін зиянды шығарындылар азаяды.

Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа форматтағы 20 учаскелік полиция пункті ашылады, 400 әлеуметтік, 200 тұрғын және 150 инфрақұрылымдық нысан сейсмикалық жағынан күшейтіледі, 20 өрт депосы салынып, жаңғыртылады.

Ұсынылған Даму жоспары Алматының заманауи мегаполиске айналуына стратегиялық бағыт беріп, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындар өмірінің сапасын жақсартуға, жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға және экологиялық орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.