
2026 жылға арналған жергілікті бюджеттің кірісі 2,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды мәслихаттың кезектен тыс XXIX сессиясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаланың экономикалық өсімімен бірге жергілікті бюджетке түсетін қаражат та тұрақты оң динамика көрсетіп келеді. Бүгінде Алматы бюджеті негізінен жергілікті түсімдер есебінен қалыптасады. Қала республикалық бюджеттің негізгі донорларының бірі болып қала береді, жалпы кірістің бестен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, қала бюджетінен алынатын қаражат көлемі айтарлықтай артқан: 2025 жылы 250 млрд теңгеден 2026 жылы 491 млрд теңгеге дейін өседі.
«Жалпы, алдағы үш жылда республикалық бюджетке шамамен 1,8 трлн теңге аударылады. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе көп. Қаржылық жүктеменің артуына қарамастан, біз жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ қарыз тарту арқылы ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруды бастаймыз», — деді Алматы әкімі.
2026 жылы жергілікті бюджеттің шығысы 2,8 трлн теңге көлемінде жоспарланған, оның үштен бірі - 850 млрд теңге экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады.
«Айта кету керек, биыл қазіргі шығыстарды оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде қаражатты даму бюджетіне қайта бөлуге мүмкіндік туды», - деп сөзін қорытындылады Дархан Сатыбалды.