Алматы әкімі Пушкин көшесінің бойындағы аумақты көріктендіру барысымен танысты

Алматы әкімі Пушкин көшесінің бойындағы аумақты көріктендіру барысымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Райымбек батыр даңғылынан Гоголь көшесіне дейінгі Пушкин көшесінің бойындағы көлік жолы маңындағы аумақты қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Жоба қаланың орталық бөлігін кешенді көріктендіру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр және жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, қайта жаңғырту 6,5 гектар аумақты қамтиды және жүргінші мен көлік инфрақұрылымын кешенді жаңартуды көздейді. 1,1 шақырым аумақта көгалдандыру, жарық тіректерін орнату, су бұру жүйелерін салу жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар, іргелес үйлердің қасбеттері жөнделіп, Райымбек батыр ескерткіші қалпына келтіріліп жатыр. Келесі жылы осы аумақта су айдынын қалыптастыру және қосымша көгалдандыру жоспарланған. Ерекше назар жүргіншілерге ыңғайлы тротуарлар, қауіпсіз жүргінші аймақтары және заманауи көркейту элементтерін жасауға бөлінуде.

Дархан Сатыбалды жұмыстың сапалы орындалуының маңызын атап өтіп, жобаның жайлы қалалық ортаның бірыңғай тұжырымдамасына сай болуы қажеттігін айтты. Жобаны жүзеге асыру жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасап, қаланың сыртқы келбетін жақсартуға, сондай-ақ тұрғындар мен қала қонақтары үшін тартымды, үйлесімді кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.