
Алматыда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмыс жалғасып жатыр. Биыл әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында техникалық қауіпсіздік талаптарын бұзу деректерін анықтауға бағытталған профилактикалық тексерулер жүргізілді. Онымен 46 жеделсаты, 20 эскалатор, 4 траволатор және ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 29 көтергіш құрылғы қамтылды. Бұл туралы Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәлімдеді.
Айта кетейік, Алматыда жалпы 14 523 жеделсаты бар, оның 8 420-сы тұрғын үй қорында жұмыс істеп тұр. Тек 45 жеделсаты 25 жылдық пайдалану мерзімінен асып кеткен. 2025 жылы Әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен 110 жеделсатыны жаңарту жоспарланған.
Алматының жылу жүйесіне 158 қазандық және 512 қазан кіреді. «Алматы электр станциялары» АҚ балансында 3 қазандық пен 33 қазан бар, оның 32-сі нормативтік мерзімін өтеген. «Алматыжылужайэнерго» ЖШС-не тиесілі 79 қазандық пен 303 қазанның 27-сін жаңарту қажет. Қалада сондай-ақ 84 тұрғын үй кешеніндегі 479 көппәтерлі үйді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін 76 жеке автономды қазандық жұмыс істейді. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл жабдықты күтіп ұстау басқарушы компаниялардың есебінен жүзеге асырылады.
Газ жабдықтарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ТЖД, «Алматы Газ» АРЦ және БАҚ өкілдерімен бірлесіп жеке сектор мен коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға жоспарлы рейдтер ұйымдастырылып жатыр. Қаланың барлық ауданында газ жүйелерін пайдалану ережесін түсіндіруге бағытталған айлықтар өтуде. Биыл профилактикалық іс-шаралармен 22 сауда нарығы, 29 сауда-ойын-сауық орталығы, автономды қазандықтары бар 25 нысан, газдандырылмаған 24 жатақхана мен хостел, сондай-ақ 83 қоғамдық тамақтану орны қамтылды. Оның 30-ында қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері анықталды. Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, барлық тұтынушыға газ жабдықтарын пайдалану ережесі және оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік түсіндірілді. Қаланың инфрақұрылым нысандарындағы тәуекелді төмендету бойынша жұмыс жоспарлы түрде жалғасып жатыр.