
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Ядролық физика институтына барды. Бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметтің толық циклі бар елдегі жалғыз ғылыми ұйым. Мұнда іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіледі, жаңа технология әзірленеді, өндіріс жұмыс істейді және атом саласына мамандар даярланады.
Қала басшысы заманауи зертханалардың және тәжірибелік қондырғылардың жұмысымен танысты. Олардың арасында ВВР-К зерттеу реакторы, радиохимия және изотоптар өндірісі жөніндегі ғылыми-техникалық орталық бар. Институтта онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармпрепараттар шығарылады. Бүгінде Қазақстандағы радиофармацевтикалық өнімнің шамамен 85%-ын осы институт өндіреді. Препараттар Алматы, Астана, Шымкент, Семей медициналық ұйымдарына жеткізіледі, сондай-ақ өнеркәсіптік радиоизотоптар Ресей, Германия, АҚШ және Францияға экспортталады.
Институт базасында МАГАТЭ мен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауымен ашылған үш оқу орталығы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда шамамен 5000 маман даярланды. Институт 30-дан астам халықаралық ғылыми құрылымдар және университеттермен серіктестік орнатқан, ал 2023 жылы CERN ғылыми коллаборациясына қосылды.
Әкім Ядролық физика институтының маман даярлау, ғылыми әлеуетті дамыту және халықаралық серіктестікті кеңейту бағытындағы рөлін атап өтті. Ол ғылымның қаланың өзекті міндеттерін шешуге интеграциялануы аса маңызды екенін айтты. Ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және қалалық қызметтердің өзара іс-қимылы жүйелі болуға тиіс.
Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың білім беру және зерттеу орталықтарымен тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын еске салды. Осыған байланысты әкім институтқа қалалық инфрақұрылымға арналған шешімдер мен инновациялық технологияны енгізуді қамтитын бірлескен жобалар бойынша нақты ұсыныстар ұсынуды тапсырды.