Алматының Наурызбай ауданында 47 км-ден астам жол жаңартылып жатыр

Алматының Наурызбай ауданында 47 км-ден астам жол жаңартылып жатыр

Алматының Наурызбай ауданында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы ұзындығы 47,1 шақырым болатын 35 көшеде орташа жөндеу қолға алынған.

Бүгінгі күні 30 учаскедегі (37,7 шақырым) жұмыс толық аяқталды.

Жаңартылған көшелердің қатарында Қабылбаев, Қазыбеков, Сейітметов, Тыныбаев, Қосынов, Байзақ батыр, Аспандияров, Ерубаев, Бекешев, Кіші Асқаров және басқа да көшелер бар.

Сонымен қатар, Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысы бойынша Ақжар және Шұғыла шағынаудандарында жаңа жол салынып жатыр.

Ақжар шағынауданында жолдың жалпы ұзындығы 45,3 шақырым (174 көше). Жұмыстар инженерлік коммуникациялар – су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысымен қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда 15,5 шақырым жолға асфальт төселді.

Шұғыла шағынауданында құрылыс толық аяқталды, 6,8 шақырым жол асфальтталды.

Ағымдағы жөндеу бағыты бойынша ауданда 6 мың шаршы метрден астам жол жабыны жаңартылды.

Аудан әкімдігі өкілдері атап өткендей, жөндеу жұмыстарын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қатаң бақылауға алған. Анықталған ескертулерді мердігер ұйымдар жедел түрде түзетеді.