
Алматының Наурызбай ауданында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы ұзындығы 47,1 шақырым болатын 35 көшеде орташа жөндеу жүргізілуде.
Бүгінгі күні 30 учаскедегі (37,7 км) жұмыс толық аяқталды.
Жаңартылған көшелердің қатарында Қабылбаев, Қазыбеков, Сейтметов, Тыныбаев, Қосынов, Байзақ батыр, Аспандияров, Ерубаев, Бекешев, Кіші Асқаров және басқа да көшелер бар.
Сонымен қатар, Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысы бойынша Ақжар және Шұғыла шағынаудандарында жаңа жолдар салынуда.
Ақжар шағынауданында жолдың жалпы ұзындығы 45,3 шақырымды (174 көше) құрайды. Жұмыстар су құбыры мен кәріз желілерін салу үдерісі аяқталған сайын кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бүгінде 15,5 шақырым жолға асфальт төселді.
Шұғыла шағынауданында құрылыс толық аяқталды – 6,8 шақырым жол асфальтталды.
Ағымдағы жөндеу бағыты бойынша ауданда 6 мың шаршы метрден астам жол жабыны жаңартылды.
Аудан әкімдігінде атап өткендей, жөндеу жұмыстары «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» РМК қатаң бақылауымен жүргізілуде. Анықталған ескертулерді мердігер ұйымдар жедел түрде жояды.