1312: цифрлық медицина алматылықтарға медициналық көмекті қалай жақындатып отыр

1312: цифрлық медицина алматылықтарға медициналық көмекті қалай жақындатып отыр

Алматыда цифрлық медицина болашақтың емес, бүгінгі күннің көрінісі. Almaty Digital Medical Center (ADMC) негізінде құрылған орталық арқылы қала тұрғындары үйден шықпай-ақ дәрігерден кеңес алып, анықтамалық ақпаратқа қол жеткізіп, денсаулығын онлайн бақылаудан өткізе алады.

Almaty Digital Medical Center Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Цифрландыру басқармасының қолдауымен құрылды. Жобаның мақсаты — әрбір тұрғынға медициналық көмекті барынша жылдам, ыңғайлы және қолжетімді ететін бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастыру.

ADMC жұмысының негізгі бағыттарының бірі — тәулік бойы жұмыс істейтін 1312 қысқа нөмір арқылы Бірыңғай байланыс орталығы. Мұнда операторлар мен дәрігерлер шұғыл емес медициналық мәселе бойынша кеңес береді, дәрігерге жазылуға, дәріхананы немесе зертхананы табуға жәрдемдеседі, қажет болса салалық мамандарға бағыттайды. Күн сайын ADMC қызметкерлері жедел жәрдемнен кейін үйіне жіберілген пациенттерге 1 500-ден астам қоңырау шалады.

«Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі — мыңдаған алматылық дер кезінде кеңес алып, асқыну қаупінен сақтанады», — дейді байланыс орталығының жетекшісі Шырын Төлекова.

Денсаулықты қашықтан бақылау жүйесі созылмалы ауруы бар пациенттерді, жүкті әйелдерді, бір жасқа дейінгі балаларды және ауруханадан шыққаннан кейінгі бақылаудағы азаматтарды қамтиды. Бүгінде 110 мыңнан астам тұрғынның жағдайын тәулік бойы 30-дан астам дәрігер бақылап отыр.

2025 жылы маусым айынан бері 15 мың пациент кезектен тыс қабылдауға жіберілсе, мыңға жуық адам ауруханаға жатқызылған. Жоба жүкті әйелдерді жүктілік бойы және босанғаннан кейінгі 42 күн ішінде бақылап, ай сайын 3 200-ден астам әйелді қамтиды.

«Тек төрт айда шұғыл медициналық көмек қажет болған, бірақ емханаға жүгінбеген 362 жүкті анықтадық. Біз қауіптерді дер кезінде анықтай алдық», — деді Шырын Төлекова.

Цифрлық бақылаудың арқасында созылмалы ауруы бар науқастарды қадағалау 27%-дан 48%-ға, ал босанудан кейінгі патронаж 28%-дан 81%-ға артты.

1312 нөмірі арқылы Бірыңғай байланыс орталығына деген сұраныс та артып келеді: маусым айында 8 мың қоңырау қабылданса, қазан айында бұл көрсеткіш 50 мыңнан асқан. Тұрғындар кеңес алып, қабылдауға жазылып, емханаға тіркеліп, шағым мен алғыс білдіреді.

Бүгінгі таңда ADMC платформасына сегіз қалалық емхана қосылған. Бұл жүйе алғаш рет тіркеу бөлімінің жүктемесін және пациенттермен байланыс сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта қаладағы барлық медициналық ұйымды осы жүйеге қосу жоспарланып отыр.

«Бұрын біз пациенттердің емханаларға қоңырау шалған-немес шала алмағанын нақты білмейтін едік. Енді жағдайды айқын көріп отырмыз: қоңыраулардың 37 пайызы жауапсыз қалған. Бүгінде осы мәселені жүйелі түрде шешіп, күту уақытын екі есеге қысқарттық», — дейді орталық өкілдері.

Соның нәтижесінде емханаларға қажетсіз жүктеме үш есеге азайып, пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасы жақсарды. Орталықта гинекологтар, педиатрлар, терапевттер, хирургтар, психиатрлар, урологтар сынды түрлі сала мамандары жұмыс істейді.

Алматыдағы цифрлық денсаулық сақтаудың дамуы заманауи технологияның шынайы үлгісіне айналып, қала тұрғындарының денсаулығын жақсартып, медициналық көмекті әр адамға бұрынғыдан да жақын ете түсті.