
Наурызбай ауданында 40 шақырымнан астам инженерлік желілер салынды. Бұл туралы аудан әкімі Назира Тоғызбаева Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Ақжар» мен «Қарағайлы» жобасы аясында 2024–2025 жылы 43 шақырымнан астам су, кәріз желісін салу мен тарту жұмысы қолға алынған.
«Ақжар» жобасының екінші кезеңінде жұмыстардың 97%-ы аяқталып, «Қарағайлы» жобасының бірінші кезеңі толықтай біткен. Сонымен қатар «Ақжар» жобасының үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. 12 шақырым су құбыры мен 6 шақырым кәріз жүйесі тартылды.
Бұдан бөлек, жаңа инженерлік жобалар бойынша «Тастыбұлақ», «Таусамалы» мен «Қарағайлы» (II кезең) – мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құрылысты 2026 жылы бастау жоспарланып отыр.
«Біз жаңа тұрғын массивтерінің инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бұл үйлерді орталықтанған жүйеге қосып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді аудан әкімі.