Алматы – оқырмандар қаласы: 2,8 млн алматылық қала кітапханаларына барады

Алматы – оқырмандар қаласы: 2,8 млн алматылық қала кітапханаларына барады

Алматыдағы 26 автономды кітапхана станциясы – оқырманға қолжетімділіктің жаңа қадамы

Алматы Кітапханаларының 97% толық жаңғыртылған. 2025 жылдың жалпы кітап қоры 1 372 423 дана, оның 432 257-і қазақ тілінде, 911 125-і орыс тілінде және 27 656-ы шет тілінде.

Кітапханалардың қоғамдық маңызы күннен-күнге артып келеді: 2025 жылы 11 айдағы дерекке сәйкес, 2,8 миллионнан астам тұрғын кітапханаларға оқу, білім алу және қарым-қатынас алаңы ретінде барады.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 37 кітапхана жұмыс істейді, олардың 28-і – Алматы Кітапханаларының бөлімшелері, ал 9-ы – республикалық кітапхана. Сонымен қатар әрбір жоғары оқу орнында кітапхана бар.

Қала бойынша үш кітапхана тәулік бойы (24/7 режимінде) жұмыс істейді: Alatau Creative Hub орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана және Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы.

«Қадамдық қолжетімді кітапхана» қағидаты аясында 26 автономды өзіне-өзі қызмет көрсету станциясы орнатылған. Олар сауда орталығы, коворкинг орталығы мен метро бекеті сынды халық көп жүретін жерлерде орналасқан. Ай сайын бұл станциялар шамамен 300 жаңа оқырманды тіркейді және 420-ға дейін кітап береді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 6 станция орнату жоспарланған.

Кітапхана ресурсын барлық тұрғынға қолжетімді жасау үшін алматылық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегін үйге кітап жеткізу қызметі жұмыс істейді. Бұл Алматы қаласы әкімдігімен және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп қолға алынған.

Сондай-ақ, А. П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Қазақстандық Жазушылар кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана сынды жеті кітапхана бөлімшесінде, сондай-ақ №14 және №45 кітапхана бөлімшесінде көзі нашар көретін және зағип оқырмандарға арналған арнайы Брайль бағдарламаларымен және дыбыстық интерфейстермен жабдықталған арнайы бөлімдер бар.

Цифрландыру саласында ауыз толтырып айтар жетістік бар. www.almatylibrary.kz ресми сайты іске қосылған. Пайдаланушыларға электронды оқу залына, кітапханалардың виртуалды 3D-турына, онлайн оқырман билетін рәсімдеуге және кітап жеткізу қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылған. Қазіргі уақытта порталға 30 451 басылым енгізілген, оның 13 127-і осы жылы қосылды, бұл жалпы қордың 61%-ы (49 492 атау). Қорды толық электронды форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар №6 кітапхана-бөлімшесінің базасында сирек және құнды басылымдарды қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүргізетін реставрация зертханасы бар. Қазіргі таңда 300-ден астам кітап қалпына келтірілді, оның 32-сі сирек кездесетін басылымдар санатына жатады.

Бүгінде Алматы Кітапханалары заманауи инфрақұрылымымен, инклюзивті және цифрлық шешімдерімен қала тұрғындарының мәдени және білім беру өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Жаңғыртылған кеңістік, қолжетімді қызмет мен инновациялық формат арқылы кітапханалар тек кітап оқу орны ғана емес, шығармашылық пен өзара байланыс орталығына айналып отыр.