
Шанхай қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды AgiBot компаниясының негізін қалаушы және техникалық директоры Пэн Чжихуэймен (Peng Zhihui) кездесті. Ол – жаңа буынның жетекші робототехника инженерлерінің бірі.
Сапар барысында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы, Astana Hub және AgiBot (Шанхай, ҚХР) арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат робототехника мен жасанды интеллект бағыттарындағы озық шешімдерді дамытуға, сондай-ақ Алматыны embodied AI және сервистік робототехника бойынша Орталық Азиядағы негізгі орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған.
AgiBot – 2023 жылы құрылған робототехника компаниясы. Ол “Embodiment + AI” платформасын дамыта отырып, Yuanzheng, Lingxi және Genie атты гуманоидты және сервистік роботтар желілерін шығарады. Компания әлемдік нарықта қарқынды дамып келе жатқан ойыншылардың қатарында, инвесторларының арасында Sequoia, Baidu Ventures, Tencent, BYD, TCL және LG Electronics бар.
Тараптар Алматыда Robotech R&D зертханасын құру, қалалық ортада роботтарды оқытуға арналған «деректер фабрикасын» іске қосу, логистика, өнеркәсіп, медицина және білім беру салаларында пилоттық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ робототехника мен жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау жөнінде келісім жасасты.
Аталған серіктестік Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары технология саласындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болмақ