Алматыда жаңа Салық кодексін енгізу кезеңінде бизнеске қолдау көрсетіледі

Алматыда жаңа Салық кодексін енгізу кезеңінде бизнеске қолдау көрсетіледі

Алматы қаласында жаңа Қазақстан Республикасының Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қала әкімдігі басшылығы, министрліктердің өкілдері, бизнес-қоғамдастық пен сарапшылар қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, жаңа құжаттың қабылдануы қоғам тарапынан кеңінен талқыланып, үлкен қызығушылық тудырды.

«Өткен қоғамдық талқылауларды ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және реформалардың ықтимал салдарын жұмсарту жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Біз кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының пікірлерін мұқият бақылап отырмыз және қабылданған қолдау шараларының оң әсерін байқап отырмыз», — деп атап өтті Олжас Смағұлов.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сәғнаевтың айтуынша, жаңа кодекс салықтық есептілікті 30%-ға қысқартуды, салық түрлерін 20%-ға азайтуды, дифференциалды мөлшерлемелер енгізуді және салықтық жеңілдіктерді оңтайландыруды көздейді.

«Біздің мақсатымыз — Қазақстанның салық жүйесін неғұрлым әділ әрі заманауи ету. Жаңа кодекс жеңілдетуге, болжамдылыққа және жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Ол әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпкерлерге өз істерін дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді», — деді Ерлан Сәғнаев.

Қатысушылар мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен сарапшылар арасындағы ашық және сындарлы диалогты атап өтіп, жаңа Салық кодексін тиімді іске асыру үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында Олжас Смағұлов Алматы қаласының әкімдігі іскерлік ортадағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын ұсынатынын айтты.