Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов жұмыс сапары аясында қаланың Түрксіб ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жаңару барысын тексерді.
Жас Қанат шағынауданында күніне 1350 бала келетін оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының құрылысы басталды. 14 мың шаршы метр алаңда спорттық-сауықтыру бассейні, үйірме жұмыстарына арналған 42 кабинет, зертханалар, планетарий және жылыжай орналасады.
«Бұл жоба ең жоғары стандарттарға сәйкес әрі ғылыми-техникалық, көркемдік-эстетикалық және спорттық-түзету бағыттарын біріктіретін және балаларды жан-жақты дамытатын көпсалалы алаңға айналады. Біз құрылыстың барлық кезеңін жіті қадағалаймыз. Барлық жұмыс келесі жылдың күз айында аяқталуға тиіс», - деді Бейбіт Шаханов.
Бұдан соң қала әкімінің орынбасары Алтай шағынауданында салынып жатқан ауысымында 500 адам қабылдайтын емхана құрылысында болды. Бұрынғы ескі нысан бұзылып, құрылыс жұмыстарына дайындықтар жүргізіліп жатыр. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2026 жылы қыркүйек айы.
Жаңа медициналық мекеме ультрадыбыстық аппаратты, цифрлық флюорографты және маммографты, сондай-ақ рентген, МРТ және КТ жүйелерін қоса алғанда, заманауи құрылғылармен жабдықталады. Бұл алғашқы медициналық көмек көрсетудің бірыңғай стандартына сәйкес диагностикалық рәсімдердің тиімділігін және қызметтердің жалпы сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл күні Бейбіт Шаханов 850 оқушыға арналған №50 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары ақпан айында басталып, осы айда бітуі керек болатын. Қазіргі кезде нысан ішін әрлеу жұмыстары жүргізіліп, спорт алаңдары жасалып, аумақ көркейтіліп жатыр.
Сонымен қатар, Алматы әкімінің орынбасары Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының ғимараттарын қайта жаңарту жұмыстарының қарқынымен танысты. Мұнда қалалық бюджет қаржысы есебінен инженерлік желілері жаңартылып, бірнеше блок пен асханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тексеру соңында Бейбіт Шаханов Құрылыс басқармасына аталған нысандардағы жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзіміне бақылауды күшейтуді тапсырды.