Бүгін Алматыда 15-17 қазан аралығында өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі бірінші Дүниежүзілік конгресс — World Inclusion Congress (WIC 2025) басталды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан) және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания) бірігіп ұйымдастырды.
Конгресс аясында әлемнің 40 елінен келген 1200-ден астам қатысушы, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және ғылыми ұйымдар, педагогтер мен сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар бас қосты.
Қатысушылар арасында Азия, Африка, Еуропа, Солтүстік Америка және Австралия елдерінің делегаттары бар. 100-ден астам шетелдік және отандық сарапшы пленарлық және панельдік сессияларда баяндама жасайды.
Конгрестің құрметті қонақтары қатарында IFIP ұйымының негізін қалаушы, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшы Даниэль Собель, Ноттингем университетінің проректоры, инклюзивті білім бойынша жетекші ғалым Умеш Шарма, сондай-ақ әйгілі Fuji Kindergarten балабақшасының авторы, жапон сәулетшісі Такакура Тезука бар.
Конгрестің негізгі тақырыбы білім берудегі инновация, цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті дамытуға баса мән берілді.
Конгресс аясында Innovation Expo атты инновациялар көрмесі ашылды. Көрмеде цифрлық технология, білім беру және қолжетімді ортаға арналған шешімдер ұсынылған. Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысып жатыр. Көрме үш күн бойы Grand Hall қонақүйінде және ашық павильондарда өтеді.
Конгрестің алғашқы күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-тегеуріндер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел және балалардың психикалық әл-ауқаты, ерекше білім беру қажеттілігін бағалау сынды 15 тақырып бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
16-17 қазан күндері де конгресс жалғасады. Осы күндері инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ұйымдар мен серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.
Алматы декларациясының жобасын талқылауға баса назар аударылады. Оның қабылдануы инклюзия саласында цифрлық технология мен жасанды интеллектті қолдануда бірыңғай халықаралық тәсілдерді қалыптастыру мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болмақ.
Конгресс 17 қазанда салтанатты түрде жабылады. WIC 2025 инклюзия мәдениетін дамытуға, білімге тең қолжетімділікті ілгерілетуге, жаңа технология мен үздік халықаралық тәжірибе енгізуге және халықаралық серіктестікті нығайтуға серпін береді.