Алматы қаласының Бағанашыл шағынауданында орналасқан №2 Балаларды қолдау орталығының ғимаратына толықтай қайта жаңғырту жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары кезінде тәрбиеленушілер уақытша №1 мектеп-интернатына көшіріледі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Қазіргі уақытта орталықта 100 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың 13-і мектепке дейінгі, 87-сі мектеп жасындағы балалар. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында балаларды облысқа көшіру мәселесі талқыланған болатын. Алайда барлық тәрбиеленушілер Алматыда қалатыны туралы шешім қабылданды.
Азамат Қалдыбековтың айтуынша, Президенттің тапсырмасы аясында орталық ғимараты толық жөндеуден өтеді.
«Интегра» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында бұл жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асырады және балаларды көшіруге дайын», – деді әкімнің орынбасары.
Балаларды орналастыру мәселесі қалалық Білім басқармасының бақылауында. Басқарма басшысы Сайран Сайфеденовтың айтуынша, орталықты жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, ол қазіргі аумақта жаңа ғимарат салуды көздейді.
«Қазір балаларды №1 мектеп-интернатына көшіру мәселесі шешілді. Бұл нысан да Білім басқармасының қарамағында. Екі апта бұрын онда «Жанұя» кешенінің 90-нан астам баласы тұрған еді. Балалардың иелігіне 1100 шаршы метр, 18 бөлме беріледі. Ғимаратта жеңіл жөндеу жұмысы жүргізілді. Аптаның соңына қарай балалар көшірілген соң құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарына кіріседі», – деді Сайран Сайфеденов.
Қазір қалада ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 8 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді. Онда 2668 оқушы (оның 1794-і интернатта, 874-і үйде оқиды) білім алуда. Сонымен қатар, өмірінде қиындық болып жатқан балаларға көмек көрсететін 4 мекеме бар. Бұл ұйымдарда 446 бала тәрбиеленіп жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың 20 қыркүйегінде Алматыда BI Group құрылыс компаниясының қаражаты есебінен (6 млрд теңге) жаңа «Жанұя» кешені ашылды. Бұл жоба – әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуде мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігіне үлгі болды.