Алматыда Орталық Азиядағы балаларға арналған алғашқы ғылым музейі ашылмақ

Алматыда Орталық Азиядағы балаларға арналған алғашқы ғылым музейі ашылмақ

Алматы әкімдігінде қала басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен балаларға арналған ғылым музейі жобасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы білім беру орталығы болмақ, ол мектеп оқушылары мен жас ұрпақ арасында ғылымды кеңінен насихаттайтын алаңға айналады.

Жоба Singapore Science Centre Global халықаралық франшизасы аясында Kingsmen Exhibits компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып отыр. Болашақ музей білім беру орталығы ғана емес, мектеп, колледж және университет бағдарламаларына заманауи ғылыми жетістіктерді енгізетін платформа болмақ.

Кеңес барысында құрылыс жұмыстарының қазіргі барысы қаралды. Бүгінде бұзу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, инженерлік зерттеулер қолға алынған. Ғимарат құрылымдарын сейсмикалық талаптарға сәйкес нығайту жұмыстары қызған. Онымен қатар халықаралық және жергілікті сарапшылардың атсалысуымен музейдің білім беру және көрме мазмұны дайындалып жатыр. Институционалдық даму мәселесі қарастырылып, халықаралық әріптеспен ынтымақтастық бағыттары талқылануда.

Жобаны жүзеге асырудың мерзімі айқындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында аяқталып, маусым айына салтанатты ашылу рәсімі жоспарланған.

Дархан Сатыбалды жобаның стратегиялық маңызын атап, жауапты басқармаларға әрбір кезеңді сапалы түрде орындауды тапсырды. Музейдің ұзақ мерзімді дамуы үшін Алматы қаласының Білім басқармасы стратегиялық салалық куратор болып бекітілді. Бұл қадам жобаға тұрақты даму миссиясын қамтамасыз етіп, балалар мен жас буын арасында ғылымды дәріптеуге, зерттеушілік қызығушылықты қалыптастыруға және болашақ мамандыққа ерте бағдар беруге мүмкіндік береді.

Жиын соңында Алматы әкімі ғылым музейі елдің флагмандық жобасына айналатынын, ол білім, ғылым мен мәдениетті біріктіріп, өскелең ұрпақтың зерттеушілік ойлауын дамытып, балаларды заманауи технологиямен таныстырып, олардың зияткерлік әрі шығармашылық тұрғыда өсуіне жол ашатынын атады.